Медицина • 03 Мамыр, 2018

Хат қоржын  (03.05.2018)

493 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хат қоржын  (03.05.2018)

...сенім артады

Қатаң қадағалау қажет

Қазіргі нарықтық заманда кәсіпкер де, жеке адамдар да несие алмай тұрмайды. Ал, біздегі екінші деңгейлі банктер беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Оны төлеу кәсіпкерлерге де, қарапайым тұрғындарға да тым ауыр. Жалпы, нарықтық экономикада ұлттық валютаның тұрақтылығы мен елдің қаржы жүйесінің икемділігі халықтың жағдайына қатты әсер етеді.

Сол себепті Президент Н.Назарбаев өзінің биылғы Жолдауының алтыншы бағытында қаржы секторын «қайта жаңғырту» мәселесіне тоқталды. Президент банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтауды маңызды деп есептейді. Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс, ал акционерлердің үлестес компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналу керек. Елбасы Ұлттық банкке мұндай істерге немқұрайлы қарамау керектігін ескертіп, ол қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуы тиістігін атап өтті. Демек, бұл Жолдау еліміздің Ұлттық банкіне зор жауапкершілік жүктеп отыр.

Камалбек БЕРКІМБАЕВ,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Кентау институтының директоры

 

...ой қозғайды

Қала аты өзгерсе дейміз

Егемендік алған соң кейбір қалалар бұрынғы тарихи аттарына көшті, не болмаса заманымызға сай жаңа аттар берілді. Мұндай өзгерістер әлі бола беретініне сенемін, ол үшін біраз уақыт керек.

Ал менің туып-өскен қалама келсек – «Қарағанды» деп аталған себебі, сол жерлер «қараған» өсімдігі жайыла өскен өлке екендігінен, салынған кішкене жұмыскер ауылының атына себеп болған. Көмір өндірісі дами келе үлкен кенші қаласы Қарағанды болып тарихымызға енді. Одан бері ғасырлар өтті, бұрынғы кішкентай көмір қаласы көп өндірістердің орталығы, қанатын жайып үлкен облыстың орталығына айналды. Облыс көлемі бойынша ең үлкен, бүкіл Сарыарқаның орталығы деуге болады. Біздің аңызға айналған: Тәттімбет, Мәди, Қасым, Әсет, Күләш, батыстағы бабамыз Құрманғазы – Сарыарқа деп бекер айтпаса керек. «Елу жылда – ел жаңа» деп данышпан халқымыз айтты емес пе, соған дәлел ретінде «Қарағанды» атын «Сарыарқа» қаласы және облысымызды дәл солай атаса дұрыс болар еді. Қаланың аты Сары Арқа деп екі сөзден құралса ол грамматикалық қателік емес. Себебі «Арқа» деген сөз ұлы жердің аты және мұнда туып-өсіп, кіндік қаны тамған елдің, бұл дүниеден өткен Қазыбек би сияқты бабаларымыздың кіші отаны.

Тұрағұл ТУСКЕЕВ,

зейнеткер

Қарағанды

 

...әсерімен бөліседі

Туған елге тағзым

Біз, Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары «Туған елге тағзым» жобасы бойынша Шымкент қаласына саяхат жасадық. Танымдық-патриоттық бағыттағы саяхатымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа алды.

Алдымен ат басын тіреген Шымкенттің шырайына шырай қосылыпты. Жаңарып, жасарып құлпырып кетіпті. Сапарымыз хакім Абай мұражайымен жалғасты. Тарихи естеліктер мен өткен ғасырлар мұрасын сақтайтын орындардың өмірімізде алатын маңызы айрықша. Құнды кітаптар, жәдігерлер, бұйымдар, түрлі суреттер мен мүсіндер арқылы бір сәт ұлы баба өмір сүрген заманда жүргендей болдық.

Қазақ әдебиетінің классигі мұражайынан алған керемет әсеріміз тарқамай жатып, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне қарай жаяу жол тарттық. Бұл мұражай сыртқы келбетімен, «Репрессия» скульп­тура­лық композициясымен кімді болса да таңғалдыратыны анық.

Туған еліңді жан-тәніңмен сүюге тәрбиелейтін осындай мұражай­лардан соң, Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрына бардық. Текті өнер ордасы көбімізге таңсық-ты.

Бастысы, бұл сапар мектептен тыс мекемелерде сабақ жүргізу арқылы біздің біліміміз бен дүниетанымымызды, отаншылдық сезімі­мізді арттыруды көздеген болатын. Бізді шабыттандырумен бірге, үлкен ой да салды. Ұстаздарымызға алғысымызды жаудырдық.

Жанна СЕРІК,

Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы

 

...алғыс айтады

Қарттар шипажайда тегін ем алды

Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайы Кенді Алтайдың қарттарын қамқорлыққа алды. Шипажай бір мезетте 200 адамды қабылдауға қауқарлы. Кешенді ем-домды ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен Чернобыль АЭС апат салдарын жоюшылар, зейнеткерлер мен көпбалалы аналар алады. Ардагерлермен кездескен облыс әкімі оларға белсенді өмірлік ұстанымдары үшін алғысын білдірді.

«Қазақстанның, біздің өңірдің дамуы үшін еткен еңбектеріңіз ерен, біз оны жоғары бағалаймыз. Шын жүректен ардагерлеріміз бен зейнеткерлеріміз емдеу, сауықтыруға бағытталған тамаша орындарда денсаулықтарын жақсартып, демалғандарын қалаймын. Осындай іске өзге де мекемелерді тарта отырып, қолдағы мүмкіндікті қолдана оты­рып, қызмет көрсетушілер қатарын арттыратын боламыз», – деді аймақ басшысы.

Жыл сайын шипажайда 6 мыңға жуық зейнеткер денсаулықтарын сауықтырады. Демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Кешенді емдеу санатына – балшықпен, сумен емдеу, массаждың әр түрі, физиологиялық, тамақ булау сияқты ем түрлері кіреді.

Аман БОЛСЫН

Шығыс Қазақстан облысы

 

...пікірін білдіреді

Көпсөзділіктің заманы өтті

Орыс тілі арқылы әлем әдебиетін оқып жүрген бүгінгі көпшілік жас оқырман (олар көбінде батыстың сентиментальды прозасы мен детективтерін оқиды, арасында Достоевский, Мисима секілді оңай тіс батпайтын классиктерді оқитындары да бар) қазақ әдебиетіне мұрын шүйіре қарайды. Менің білуімше, оның екі себебі бар. Біріншісі, сол классиктерге жетеғабыл жазушыларымызды насихаттай алмай отырмыз. Екіншісі, XX ғасырдағы қазақ әдебиеті қанша дамыды десек те, екі түрлі міннен ада бола алмады. Оның бірі – көпсөзділік болса, бірі – қанша ұлттық тақырыпта жаздым десе де бәрібір кеңестік идеологияның белгілері әрбір жерден қылт ете қалып, көңіліңді айнытып жіберетіні. Кеңестік әдебиет ақыл айтуды, құрғақ моральді дамытып жіберді. Қаншама мыңдаған кітаптар бар, солардың 90 пайы­зы уақыт талабына жауап бере алмай қалды.

Енді ойлап отырсам, жазушының бағасын беретін оқырман болған соң, біз де сол оқырман оқитын, шытырманы мол, авторлық позиция­ны екінің бірінде тықпалай бермейтін, оқылымды шығарма жазуға ты­ры­суымыз керек. Сөйтіп қана қазақ тілін, қазақ тілді оқырманды сақ­тай алады екенбіз. Көпірген әңгіменің заманы баяғыда өткен секілді.

Есбол НҰРАХМЕТ

Алматы